Спектр
  • :

"Құмарпаз боп, мақтанды қуып кетпе!..."

26 Сентября 2022
Просмотров: 170
"Құмарпаз боп, мақтанды қуып кетпе!..."
Мақтаншақ болма, онан қашық бол! Абай қарасөздері мен өлеңдерінде жиі кездесетін өсиеттің бірі осы.


Жарамсыз қылықтар көп, ойшыл солардың арасынан мақтанға көбірек көңіл бөледі. Неге? Себебі, мақтан ұлттың дамуы мен өрлеу жолына көлеңке түсіріп тұрған кеселдің бірі. Әзірге Абай өсиетіне құлақаспадық. Қайта өзге төртеуінен гөрі (өсек, өтірік, еріншек, бекер мал шашпақ) мақтан басым түсуде. Демек, онан арылу керек-ақ. Төменде осы мәселе төңірегінде пікір өрбітпекпін.

Әркімге аян, мақтаншақтық - адам мінезіндегі жарамсыз қылық. Оның айқын белгісі - адам тәкаппарлыққа ұрынып, өзін-өзі дәріптеп есі кетеді. Бос мақтаннан аулақ болуға Абай, Шәкәрім сынды ғұламалардың үнемі үндеп өткені жайдан жай емес, ол кісілік қасиеттердің антиподы әрі қоғамдық рухани ахуалға да кері әсер етеді.

Жасырары жоқ, бүгінгі қазақ қоғамы мақтанды қуып кетті. Құр сөз болмауы үшін интернеттен алынған мына бір жазбаны келтіре кетейін. "Жақында бір танысым туған жеріне барып қайтты. Олжақта тілашарға шақырыпты. Үйлену тойы немесе мерейтой емес. Бала мектепке барған екен, - дейді Марат Толыбаев деген азамат. - Алайда, ұланасыр тойболыпты! Біраздан бері шетелде тұратын танысым жағасын ұстап қайтты. Мереке төбесі алтынмен апталған, алып бағандары бар бірнеше жүз адамға арналған тойханада өтіпті. Дастарханда астан бос орын болмапты. Ұлды ортаға алтынжауынгерлер алтын таққа отырғызып, алып шығыпты. Жиналғандар балаға ән мен жыр арнап, қымбат сыйлықтар беріп, ақшаның астында қалдырған екен. Баланың жүзіне қарап, мұның бәрін ұнатып немесе ұнатпағаны туралыайтуқиынеді. Алайда, ол осы атмосферада өсіп жатыр. Тілашар неғұрлым салтанатты өтсе, мектептегі беделі соғұрлым жоғары болады деп ойлайды".

Осы жазбаны мұқият оқығанда еріксіз басың шайқайсыз. "Мақтан қума, бар күшіңді мақтауға тұрарлық әрекет жасауға сал". Шығыс мәтелі Әлеуметтік желілер де тойға құмарпаз елге айналып барамыз деп дабыл қағуда. Әрине, тойлауға тұратын қуаныштың көп болғанына не жетсін. Бірақ ол мақтанға ұласпаса, дандайсу, масаттану, тәкаппарлық ауадай жайылмаса дегендік біздікі. Әсіресе, балауса балалар санасына зияны тимесе екен дейміз. Абай: "Ғылым таппай мақтанба" десе, Мұхтар Әуезов: "Тумай жатып толдым деме, толмай жатып болдым деме" деп ескертпеді ме.

Жас буынды жылтыраққа емес, ғылым-білімге ынталы қылсақ ұтарымыз көп болмақ. Тұсауын кесу, тілашар, сүндет сияқты дастархан мақтан үшін екенін ішіміз сезсе де, кешке тойға барып, жұртпен бірге қол шапалақтап, той иелерінің қалтасына ақша саламыз. Сыйлық пен ақшаның астында қалған балақай қандай күйде болмақ? Мұндай "тәрбиелеу" сәнге айналған жағдайда тәкаппар шенеунік, дандайсыған сот, әкіреңдеген әкім көбеймесе, азаймасы анық. Менмендігі асқан, өзімшіл, байлығына мастанған пендені Абай аяусыз сынап отырған. Соның бір мысалы мынау:

Байсып, паңсып,

Көрінгенге бәлсіп,

Өзі ғана келгендей

Дүниеге жансып.

 Маң-маң басып,

Менмендігі асып.

 Мал бітті деп, көңілі

Көтеріліп тасып.

Бай-бай десе мастанып,

Мың теңгесін жастанып,

Ешкім тимей өзіне,

Ағайынға қастанып. ...

Отырғанда үйінде,

Ылдидың төрін алады.

Өтірік, өсек, дау десе,

Бәйге атындай шабады.

Малдан басқа мұңы жоқ пақырдың суреті осы. Бүгінгі таңда да айналамызда мұндай кейіпкерлер толып жүр. Тойдомалақ жарысқа, бәсекеге айналуы содан. Оның көрігін қыздырып жүргендер - ақшаны жеңіл жолмен тапқандар әсте. Өйткені, қара халықтың тапқантаянғаны күнкөрістен аспайтыны анық. Сонымен, құмарпаздық өршіп, мақтанды қуу асқынып тұр. Оның табиғатын танудың һәм алдын-алудың жолы қайсы? Бұл ретте, әрине, дана Абайғажүгінуге тура келеді. Жоғ а ры д а айттық, мақтаннан сақтандыру Абай поэзиясын, қара сөзін де көктей өтеді. Кемеңгер 21-қара сөзінде: "Аз ба, көп пе, адам баласы бір түрлі мақтаннан аман болмағы - қиын іс", - дей келе, мақтанның түр-түріне талдау жасайды және мақтаншақ пақырларды үшке жіктейді. Мақтаншақтық - неліктен дұшпан дегенді анықтап береді. Оның қазақты аяқтан шалып, рухани өсуіне тосқауыл болмағын көре білген сияқты.

Көпке аян, соңғы отыз жылда жаңа өндіріс орындары ашылғаны шамалы, ал бірақ дүкендер мен тойханалардан аяқ алып жүре алмайсыз. Пиар жиындар мен саяси науқаннан көз ашпадық, ал өнер, ғылым ошақтары әне-міне сөнуге таяу, балабақша мен мектептер жетіспейді. Бұларды мақтан қуудың салдары демеске лажымыз жоқ.

Абайдың поэзиясына да үңіле кетейік. 1892 жылғы "Күлімсіреп аспан тұр" өлеңінде ақын: "Мансап іздер, мал қуар, Бәрі мақтан іздеген", - деп торықса, келесі "Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?" өлеңі сарказмға толы.

 Абұйыр, атақ сол жанда –

Кімді көп жұрт мақтаса, - дейді.

Сондай-ақ: Мақтау - жел сөз жанға қас,

Қошеметшіл шығарған, - деп түйін түйеді. Бұл жерде "қошеметшіл" - "жағымпаз" сөзінің баламасы. Қошеметшіл шығарған мақтау - жел сөз әрі жанға қас. Неге? Себебі, оның сөзі жалған, яки "сатылған" да "сатып алынған" деп түсіндіреді Абай.

Келесі "Әсемпаз болма әрнеге" (1894) өлеңінде "Пайданы көрсең бас ұрып, Мақтанды іздеп, қайғы алма!" және "Өзіңде бармен көзге ұрып, Артылам деме өзгеден!" дейді Абай. "Мақтанды іздеп, қайғы алма!" дегені - қазіргі өмірге қарата талдайтын болсақ, байларға еліктеп кредит алып той жасап жүргендерге ескерткені. Сол сияқты "өзгеден артылам" деп текке тыраштанып жүргендер қаншама. Ешбір қажеттілік қысып тұрмаса да, үйім коттедж, көлігім джип болса деген бәрінде ой.

1897 жылғы "Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап" деген өлеңі де - мақтанға салынудан сақтандырған өсиет өлең. Үш шумақ өлең өзегі - "Көкіректі керіп, қырт мақтанға ұрынба, оған құл болма!", "Екі сөйлеме, кісілікке ұмтыл!" идеясы.

Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Қайратың мен ақылың екі жақтап, - деп басталған өлеңін Абай:

Өзіңді сенгіштікпен әуре етпе,

Құмарпаз боп мақтанды қуып кетпе!

Жұртпен бірге өзіңді қоса алдасып,

Салпылдап сағым қуған бойыңа еп пе? - деуімен жалғастырған.

Көпірме, даңғой мақтау артында - қулық, ал адамды әуреге салу, тура жолдан тайдыру - антұрғандық, ол - жағымпаз қулардың ісі. Тек өзіңе сен, есті кісі бол. Міне, Абай өсиетінің мәнісі осы. Әл-Фараби бабамыз: "Жақсы мінез-құлық пен ақыл күші болып, екеуі біріккені - жетілгендік көрінісі", - десе, Ә.Бөкейханов: "Өз күшіне сенген халық қана өмір бәйгесін алады" деп ұстазы Абайды құптай түседі.

Әсілі, мақтаннан таза арылу мүмкін емес. Олай деуден мен аулақпын. "Үлкендік - адам ішінен өзін-өзі бағалы есеп қылмақ, - дейді хакім, - Яғни, надан атанбастығын, жеңіл атанбастығын, мақтаншақ атанбастығын, әдепсіз, арсыз, байлаусыз, пайдасыз, сұрамшақ, өсекші, өтірікші, алдамшы, кеселді - осындай жарамсыз қылықтардан сақтанып, сол мінездерді бойына қорлық біліп, өзін ондайлардан зор есептемек. Бұл мінез - ақылдылардың, арлылардың, артықтардың мінезі" (21-сөз). Қазіргі қазақ қоғамы міне мақтанның осы айтылған "үлкендік" түріне зәру-ақ.

 Демек, үлкендік - арлылар мен артықтардың мінезі. Абай жарамсыз қылықтардың он екісін жіпке тізгендей қылып атап айтып, үлкендік мінез осылардан қорған болмақ дейді. Сондай-ақ, есті кісілердің қатарында болғың келсе, өзіңдіөзің таны, өзіңнен өзің есеп ал дейді.

Осы айтылғандар мақтаннан қашық болуды Абайдың ілім деңгейіне көтергенін аңдауға жеткілікті сияқты. Бірақ айтқан өсиеттеріне құлақ астық па? Халық даналығы: "Не ексең, соны орасың" десе, оның мәнісі - жақсылықтан тек жақсылық, ал жамандықтан жамандық туадыға саяды. Әсіре мақтан нашар қылық. Ол имандылық пен инабаттылық, адалдық пен ақжүректік сияқты асыл қасиеттерді көлегейлеуші. Яссауи бабамыз: "Бәрі жақсы - біз жаман, бәрі бидай - біз сабан" деуімен жамағатын қарапайымдылық қағидасын ұстануға шақырған екен. Яғни, мақтанға антивирус - қарапайымдылық. Сол сияқты махаббат, әділеттілік - Жаратушы Иеміздің айнымас заңы. Өсер ұлттың мұраты - соған сәйкес өмір сүру болуы керек.

Мақтаннан құтылудың келесі айласы - өнер мен білім екендігі тағы анық. Ағартушы Ыбырай Алтынсарин:

Өнер, білім бар жұрттар,

Тастан сарай салғызды.

Айшылық алыс жерлерден

Көзіңді ашып-жұмғанша

Жылдам хабар алғызды.

Адамды құстай ұшырды,

Мал істейтін жұмысты

От пен суға түсірді, - деп суреттегендей, қай ұлт болмасын, өнер, ғылыммен өрлеуде. Өнер, білімнің туын бір еткен елдер мақтанға салыну мен құмарпаздықтан (күн ұзақ айфонды шұқылағандық та - құмарпаздықтың осы заманғы түрі) аулақ, сандалмамен күн кешуге уақыт байлығы да жоқ. Қысқа айтқанда, мақтанға салыну мен әрнеге құмартып сағымды (байлықты) қууды азайту шаралары өз қолымызда.

Айтпай өте алмаспын, біз, әсіресе, ауылшаруашылық ғылымы мен өнеркәсібін дамытуға зәруеліміз. Өйткені, Алла тағала қазаққа ұлан-байтақ даланы нәсіп еткен. Демек, ауылға бет бұратын кез келді. Бұл бағыт-бағдардың мүмкіндігі керемет тегі. Бір қуантарлығы, таяудағы Жолдауында президентіміз: "Тұтастай алғанда, еліміздің агроөнеркәсіп кешені келесі жылдан бастап жаңа әрі тұрақты ереже бойыншажұмыс істеуі қажет" дей келе, сушаруашылығыжайында: "Ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отыр. ...Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада инфрақұрылым әбден тозған. ...Ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы. Су саласын дамытудың үш жылдықжобасын әзірлеу керек" деп нақты тапсырма берді. Мұндай шешімдер көп болса, шіркін, халықтың көңілінде есті ұлт, мықты қазақ боламыз деген сенімді ұялататын осылар-ау, сірә.

Аспан әлемінде қанаттыларды адастырмайтын Құс жолы бар. Сол сияқты әр ұлттың да жолы бар. Жаратушы Иеміз қазақ ұлтын кең даланың иесі еткен. Оны игеретін жолға түссек кәне. "Рух өшпейді, рух көшеді" демекші, рухымызды көтеретін ұлт жолы осы емес пе. Тап осы жағдайда алып бәйтеректің солып қураған бір бұтағы сияқты мақтаншақтық мінездің де қоғамдық санадан сылынып түсері сөзсіз деген ойдамын.

Асан ОМАРОВ, зерттеушi



ФОТО: ult.kz 



Читают так же

Вопрос ответ

все вопросы

Опрос

  • Читаете ли вы газеты?

Архив

Показать все за период:

Написать нам

Напишите нам

Прикрепить файл

Введите код

CAPTCHA