
Бүгін жетім балаларға қамқорлық жасау күні. Осыған орай Шығыс Қазақстан облысы бойынша ата-анасының қарауынсыз қалған балалар мектеп интернатында концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Жасөспірімдер мен бүлдіршіндер түрлі әуендер орындап, би биледі.
Жетім» деген сөз қазақ халқына жат. Дегенмен, қазіргі таңда қоғамдағы ең бір етек алып отырған өзекті мәселелердің бірі болып отырғаны ешкімге жасырын емес. Мектеп-интернаттың оқушылары өздерінің бауырына басатын әке-шешенің табылатынына кәміл сенеді. Бүгінгі мереке аясында бар күшін салып дарындылығын көрсеткен олар, ұстаздарға деген алғыстарын айтты.
Жанары жасты, жүрегі жүдеу бүлдіршіндер саны Қазақстан бойынша бүгінгі таңда ресми деректерге сәйкес 80 мыңның үстінде екен. Жай ғана ой таразысына салып көрсек, сол мыңдаған жетім балалар бүгінде үкімет қамқорлығында болғанымен, болашақта барар жері, басар тауын қайдан іздейді деген ойға батып кетуге болады. Бүгінгі жетім балаларға қамқорлық жасау күніне орай әр балапан өз жүрегінде үміт отын тағы бір мәрте жақты.