
Ант қабылдау рәсімі – саналы ғұмырын ішкі істер саласына арнаған әр азаматтың Отан алдындағы парызын өтеу жолында қадам басқан ең маңызды күн болса керек. 23 қазан күні Семейдің орталық алаңында ішкі істер органдарына қызметке алғаш рет қабылданған тұлғалардың ант қабылдау рәсімі салтанатты түрде өтті. Ант қабылдау рәсіміне орай полиция қызметкерлері сапқа тұрғызылды. Жас қызметкерлер жеке-жеке саптан шығып, шараға жиналған жұртшылық алдында «Қазақстан Республикасына қызмет етемін» деп ант етті.
Ел алдында абыройлы еңбек етуге, халық тыныштығын сақтау мақсатында адал қызмет жасауға серт бергендердің бірі – Затон ПБ-нің кіші сержанты Әділет Бокишев. Оның айтуынша, полиция мамандары өз кезегінде Отанға, Қазақстан халқына қалтқысыз қызмет етуі тиіс. Бойларында отансүйгіштік қасиет басым болуы керек,-дейді кіші сержант.
Осы жылы 28 адам Қазақстан Республикасына және елбасыға адал қызмет етуге ант қабылдады. Биыл 9 адам жедел жасақ қызметінің қатарын толықтырса, тағы 9-ы жол полициясында еңбек ететін болады. Қалған 10 жас қызметкер Затон полиция бөліміне жұмысқа орналасты.
Салтанатты шара барысында Семей қаласы әкімшілігінің мемлекеттік құқықтық бөлімінің жетекшісі Сержан Әзбергенов қала әкімі және өз атынан жас мамандарды алғашқы ант қабылдау рәсімімен құттықтады. Ант қабылдаушыларды қасиетті отан алдындағы міндеттерін абыроймен адал атқаруға шақырды.
Құқық қорғау саласының қатарына жаңадан қабылданған жас полиция қызметкерлері өз істеріне деген жауапкершілікті ант қабылдаудан бастайды. Сондықтан, серт беру – әрбір полиция маманы үшін толғанысқа толы сәт. Ең бастысы, бүгінгі бейбіт елдің батырлары мемлекет басшысы артқан мол сенімді ақтап, ұлт алдындағы борышын ұмытпаса игі.
Жібек Серғазы