
Бүгін Семейде "Жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығы" жедел-алдын алу шарасы басталды. Қала сыртындағы тасжолдардың қауіпті аймақтарын бақылау мақсатында жол патрульдік полиция қызметкерлері күшейтілген тәртіппен жұмыс істеуде. Олар төтенше жағдайлар басқармасы және дәрігерлік-құтқару қызметтерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін болады. Биыл Қазақстанның барлық дерлік аймағында ауа-райының күрт өзгеруіне байланысты жол полицейлері тұрғындарды қала сыртына шығу кезінде сақ болуға шақырды.
Жыл басынан бері қала сыртындағы тасжолдарда орын алған 34 жол-көлік оқиғалары салдарынан 18 адам қаза тауып, 50 адам түрлі дене жарақаттарын алған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда біршама төмен. Десек те, жол сақшылары көлік жүргізушілерін қатаң бақылауда ұстайды,-дейді жол полициясының аға инспекторы Манарбек Жақиянов.
Ал, қала ішінде осы жылдың соңғы 10 айында барлығы 326 жол-көлік оқиғалары тіркелді. 422 адам жарақат алса, 28 адам қайғылы оқиғалардың құрбаны болды. Бұл ретте жолда орын алатын түрлі көлік қозғалысы жағдайларын болдырмау тек темір тұлпарды тізгіндеушіге ғана емес, жаяу жүргіншіге де байланысты екенін айтады полиция қызметкерлері.
Ия, жол сақшылары «Жолда абай болыңыздар» деп дабыл қағуда. Ақпарат құралдары мұны барынша халыққа айтуда. Тек, жаяу жүргіншілер мен автокөлік иелері жолда болатын жөнсіздіктерге жол бермесе игі...
Жібек Серғазы