
Ардагерге тағзым
Тәуелсіздігіміздің таңы атқан 25 жылдан бергі уақыт ішінде елімізде бұқаралық спорт пен жоғары жетістіктер спортын дамыту жолында қыруар жұмыстар атқарылды. Елбасы спортқа зор көңіл бөліп, бұл саланы әрдайым мемлекеттік маңызы басым бағыттар санатына қосып келеді. Осындай спорттың қарқындап дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан Абай ауданы биылғы жылы облыстық ұлттық ойындар спартакиадасында 3-ші орынды иеленді.
Абай ауданы Қарауыл ауылында Мұсабеков Кәбер Мұқатайұлының атына ұрпақтары қатым түсіріп, 100 жылдық асында ат шаптырып дүркіретіп той өткізді. Ұлы Отан соғысының ардагері Мұсабеков Кәбер Мұқатайұлы аудан экономикасына зор үлес қосқан. Майданнан оралған соң «Совхоз туы» газеті редакциясында әріп теруші, сондай-ақ аудандық исполкомның жалпы бөлімінде қызмет жасаған. Аудан спортына зор үлес қосқан ардагер. Қазақ күресінде жауырыны жерге тимеген, теңге алуда ешкімге дес бермеген, ат жаратып, бәйге алған, аударыспақта қарсыласын ат үстінде илеген жауырынды батыр, епті жігіт, ат бегілік қасиеттері бір өзіне берілгені Кәбер Мұқатайұлының бойында болғанына ел куә, қасиетті жер куә.
«Туысы бірдің, уысы бір» дейді қазақ. Ағайын туыс болып, әке атына ас беріп, бәйге шаптырып жатқан Қанат Кәберұлының бастамасымен 5 шақырымдық тай, 11 шақырымдық топ және 22 шақырымдық аламан жарысы өтті. «Аламан» бәйгеде І орынды Саржал ауылының тұрғыны Қорғанбаев Жандостың «Шырын» атты сәйгүлігі (шабандозы Бекжан) "ВАЗ 2105" маркалы темір тұлпарды тізгіндеді. ІІ орынды семейлік Аяпбергенов Қымбаттың «Шыңғыстау» атты сәйгүлігі көмбені үзді. ІІІ орынды Қарағанды облысынан келген Смайылов Бейімбеттің «Жезкиік» атты тұлпары алса, 4 орынды Архат ауылының тұрғыны Мамытов Олжастың «Үш қоңыры», ал 5-ші орынды «Баққоңыр» Көкбай ауылынан Табылғазыұлы Аянның аты алды.
Әке ізін жалғастырған Кәберұлы Қанаттың бойынан жылқы жануарына деген құштарлығы мен бәйге баптағаны, заман талабына сай еңбекқор қасиеттерінің бәрі әкеден дарығанын көруге болады.
Динара Ерболқызы