Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Семейде түрлі іс-шаралар қолға алынып, жүзеге асырылып жатыр. Сондай игі жұмыстардың бірі бүгін қаладағы техникалық колледжінде өткен әскери қолданбалы спорт сайысы. Айта кетейік, жарыс Қазақ социалистік республикасының атақты спортшысы, белгілі хоккейші Мұрат Жексенбековтың құрметіне өтіп жатыр.
Спорт додасына тыңғылықты дайындықпен келген қатысушылардың бірі – Ислам Шәріпханов. Семейдегі №5 гимназияның 9-шы сынып оқушысы жарыста «Жас қанат» командасы құрамында өнер көрсетпек. Оның айтуынша, мұндай спорттық сайыстар өскелең ұрпақтың рухын асқақтатып, бойларына отансүйгіштік қасиетті бекітеді.
Қалада осымен 3-ші жыл қатарынан спорт бөлімінің ұйымдастыруыменен өтіп жатқан жарыста 15 командадан жиыны 80-ге жуық жас оғылан бақ сынады. Құрама командалар 5 тур бойынша, яғни гір көтеру, кермеге тартылу, күш сынау, ұзындыққа секіруден өзара сайысты.
Әскери спорттық клубтарды дамыту және ең бастысы, спорт әлемінде жұлдыздай жрқыраған хоккей шебері Мұрат Жексенбековтің есімін өшірмей, кейінгі толқын жастарға насихаттау – бүгінгі өткен сайыстың негізгі мақсаты еді. Ұйымдастырушылар діттеген мақсаттарына жетті ма екен? Аты аңызға айналған Мұрат Жексенбеков туралы халық қаншалықты жақсы біледі? Әрине, ойланарлық сұрақ. Бүкіл Совет Одағына есімі мәшһүр болған хоккейшіні бірі білсе бірі біле бермейді. 16 жасынан 42 жасқа дейін 26 жыл спорт әлемінде әйгілі болған Мұрат Жексенбековтің есімі Гиннестің рекордтар кітабына жазылған. Кеңес Одағының 19 дүркін чемпионы атанған.
«Мұрат Жексенбеков – аты жер жарған алып тұлға. Ертеңгі ұрпаққа есімі үлгі болатын спорт арысы. Тек, сол асылымыз ұмыт қалмай, жастарға өнеге ретінде наисхатталып отырса екен»,- дейді хоккейшінің апайы Шолпан Жексенбекова.
Жібек Серғазы