
Бүгін Семейде Абай атындағы әмбебап кітапхана ұжымының мұрындық болуымен "Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік" атты патриоттық марафон ұйымдастырылды. Шара мақсаты - еңселі еліміздің егемендікке қол жеткізгеніне 25 жыл толуына орай жас ұрпаққа тәуелсіздіктің тарихын, мән-мағынасын ұғындыру, отансүйгіштік тәрбие беру.
Марафон бағдарламасына сәйкес «Менің Отаным – Қазақстан» өлеңдер сайысы, "Көк тудың желбірегені" патриоттық әндер сайысы және "Тәуелсіздік - елімнің шамшырағы" атты зияткерлік-танымдық жарыстар өткізілді. Салтанатты шараға Семейдегі жалпы орта білім беретін № 31, 37, 16, 35, 12-ші мектептердің оқушылары қатысты.
Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар алғыс хаттармен, мадақтау қағаздарымен марапатталды. Ұйымдастырылған шара барысында «Қазақстан – ұлы дала елі" атты 200-ден аса кітаптар мен мерзімді басылымдар қойылған кітап көрмесі жиналғандар назарына ұсынылды.
Рүстем Мұхамет-Рахым