
ШҚО әкімі Даниал Ахметовтың ұйымдастыруымен облыс қалаларында әр өңірдің шаруа қожалықтары жоспар бойынша жәрмеңке өткізуі тиіс. Міне, осыған орай қаладағы Энергетик кентінде орналасқан «Северный» сауда- логистикалық орталығында Бесқарағай ауданының жәрмеңкесі өтті.
Жәрмеңкеге Бесқарағай ауданының он ауылдық округінің шаруа қожалықтары қатысты. Аудан арнайы жәрмеңкеге 5 тоннадай ет өнімдерін алып келген. Сондай-ақ, бесқарағайлықтар «Северный» сауда-логистикалық орталығымен тығыз қарым-қатынаста екендігін алға тартады.
Жәрмеңке аясында, сондай-ақ, көкөністер байқауы мерекесі де атап өтілді. Бір апта көлеміне созылған байқауда үздік орамжапырақ, үздік асқабақ, үздік картоп көкөністерінің иелеріне құрмет көрсетілді. Өсімдік өсірудің бабы мен байыбын білетін бағбандарға Семей қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдар Садырбаев марапат қағаздарын тапсырды.
Айта кетейік, көкөністер байқауы қалада алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Ұйымдастырушы топ алдағы уақытта бұл шараның ауқымын кеңейтіп, келер жылы фестиваль ретінде өткізуді қолға алмақ.
Сондай-ақ, шара барысында көңілді тапқырлар клубы өз өнерлерімен қалың жұртты баурап алса, Бесқарағай ауданының өнерпаздары да көрермен көңілінен шыға білді.
Рүстем Мұхамет-Рахым