Спектр
  • :

ЖОЛДАУ: Үміт көп, күдік жалғыз...

3 Сентября 2022
Просмотров: 188
ЖОЛДАУ: Үміт көп, күдік жалғыз...
 Президенттің жаңа Жолдауы жайында ой-толғамдар


Ел президентінің дәстүрлі Жолдауына әркез үмітпен қарайтынымыз рас. Бұл жолғы Жолдаудың «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» деген тақырыпты алуы заңдылық. Өйткені, ел тарихының «Жаңа Қазақстан құру» тұсындамыз. Бірден байқалғаны, экономикаға қатысты реформалардың басымдығы. Сондықтан тұрмыс-тіршілігіміз оңалар, алға қарыштармыз, бәлкім. Бұл тұрғыдан үміт көп. Бірақ халықтың рухы, санасы ше? Қалың қазақты мазалаған «Мемлекетіміз ұлттық бола ала ма?» деген күмән-күдік сейіле ме? Күдік-жалғыз дегенім – осыны  меңзегенім еді. Сонымен, Жолдау бағдарларын қарастырып көрейік.

Жаңа айтылғандай, экономика саласына қатысты реформа көп. Олардың бастыларын ғана атап өтейік. «2023 жылы жаңа Салық кодексі дайындалады», «Ұлттық қордың қаржысын тиімсіз жұмсау тоқтатылады. Бұл – өте өзекті мәселе. Қордың қаражатын аса қажет инфрақұрылымды дамытуға және еліміз үшін маңызы зор жобаларды қаржыландыруға жұмсаймыз», «Кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдау. Бұл жұмыста бәрін басынан бастап реттеу керек. Тапсырма екі жылдан бері орындалмай келеді. Жүздеген, тіпті мыңдаған заңнамалық құжат пен нұсқаулықты қайта-қайта түзете бергеннен ештеңе шықпайды. Оның орнына ықшам әрі түсінікті жаңа ережелерді бекіткен жөн», «Мемлекеттен көмек алатын бизнес өкілдерін анықтайтын автоматты жүйе енгізіледі. Мемлекеттік сатып алудың мүлде жаңа жүйесі жасалады. Бағаның төмен болуы ғана емес, тауарлар мен қызметтердің сапасы басты назарда болады», «Мемлекет пен жекеменшік серіктестігінің жаңа үлгісіне көшу керек. Қазір көптеген жоба кейбір кәсіпкерлер мен шенеуніктердің майшелпегіне айналды. Келісім-шарттар ашық және конкурстық негізде жасалуға тиіс. Осы мақсатта тиісті заң қабылдау қажет».

Президенттің осы пәрмендері кәсіпкерлер қауымы көптен күткен реформалар десек артық айтқандық бола қоймас. Шыны сол, қағазбастылық пен мемлекеттік сатып алудың ескі жүйесі кәсіпкерлерді әбден шаршатты. Жүйкесін тоздырды. Сол сияқты көптеген жобалардың кейбір кәсіпкерлер мен шенеуніктердің майшелпегіне айналғаны өтірік емес.

Мемлекет басшысының «Біз салық түсімін өңірлердің өзіне бере бастадық. Бұл жұмысты жалғастыру қажет» дегені де көкейге қонымды шешім. «Жаңа экономикалық саясат» деген бірінші бағдарға шолуымыз осымен тәмам.

Енді Жолдаудың «Нақты секторды дамыту» деген екінші бағдарына ауысай-ық. Мұндағы басты шешімдер: «Кәсіпкерлерге жер телімдерін ашық әрі жедел бөлудің тиімді тәсілдері айқындалуға тиіс. Оны жыл соңына дейін әзірлеу керек. Әрбір аймақ пен елдімекенде бос жатқан немесе мақсатына сай игерілмеген жердің бар-жоғын анықтау қажет», «Қазақстан қазіргі геосаяси жағдайда Азия-Еуропа арасындағы аса маңызды құрлық дәлізі болып отыр. Біз бұл мүмкіндікті толық пайдаланып, әлемдік маңызы бар көлік-тасымал торабына айналуымыз керек... «Қазақстан теміржолы» компаниясы толыққанды транзиттік-логистикалық корпорация болып қайта құрылады», «Ашығын айтуымыз керек, Үкіметтің жұмысында қайта-қайта олқылықтар болып жатыр. Біресе жанар-жағармай, біресе шекер жетіспейді. Осының бәрі Үкіметтің нақты шешім қабылдауға келгенде өте баяу қимылдап, батыл қадам жасай алмауынан болып отыр».

Біздің Абай облысы аграрлық өңір. Сондықтан Жолдауда көрсетілген ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты нұсқауларға көңіл бөлейік. «Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс. ...Субсидия бөлуге және оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейту керек», «Шаруалардың өзара ұжымдасуы ауыл шаруашылығын дамытуға жол ашып отыр. Ауыл шаруашылық кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал, мал басы шамамен 25 пайызға көбейген», «Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 гектарға жуықтайды. Үкімет пен әкімдіктер келесі жылдың соңына дейін осы жерлерге қатысты нақты шешім қабылдауға тиіс». Осы проблемалардың қай қайсы да өзекті екені айтпасақ та түсінікті. Сол сияқты су саласы жайында: «Ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы. Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн. Су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу керек». Өте құптарлық шешім деген ойдамын. Осы айтылған шешімдер іске асырылсын деп тілейік.

Жолдаудың «Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция» деген үшінші бағдары денсаулық сақтау, жастарға білім беру, әлеуметтік қорғау салаларына арналған.   «Ұлт саулығы жақсы болса ғана қоғам орнықты дамиды. Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Дегенмен, оның жағдайы әлі де мәз емес», - дей келе мемлекет басшысы: «Бүгінде медициналық көмек мемлекет кепілдік берген және сақтандыру пакеті деп екіге бөлінген. Ашығын айтсақ, мұндай жүйенің тиімділігі төмен» деп ескертеді. Білім беру саласы жайында: «Өз ісіне адал ұстаздар білім беру саласының дамуына зор үлес қосады. Сондықтан, балабақшаны емес, тәрбиешіні аттестациялау қажет. ...Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың  заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады» дейді.

Осы үшінші бағдарда халықты әлеуметтік тұрғыдан қорғаудың іс-шаралары қамтылған.  Әсіресе, Жолдаудағы: «Ең төменгі жалақы деңгейі 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге көтеріледі. Бұл шешім 1,8 миллион азаматтың табысына тікелей әсер етеді», «2028 жылға дейін әйелдердің зейнетке шығу жасы 61 жас болады» және «2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап бала күтімі бойынша төлемдер 1,5 жасқа дейін ұзартылады» деген үш шешім көпшіліктің көңілінен шықты. «Біз бай елміз. Жеріміздің асты кенге, үсті дәнге толы» дейтініміз құр сөз, бос мақтан болмағанға не жетсін. Айта өтері, көші-қон мәселесі де назарға алынған екен. «Қандастар көшіп келуіне және ішкі миграцияға қатысты саясат түбегейлі өзгереді. Бұл орайда, демографиялық және экономикалық үрдіс-терді ескеру керек. Сондай-ақ, жалпыұлттық мүддені басшылыққа алу өте маңызды» деген жолдарда терең астар бар.   

Мінеки, еліміздегі экономикалық өзгерістер мен халықтың тұрмысын жақсартуға қатысты  Жолдаудың үш бағдарына жасалған шағын шолуымыз осымен тәмам. Сараптама көрсетіп отырғандай, Президент шешімдерінің қай қайсы да көпшілік көңілінен шықты. Сондықтан болашаққа деген сенім де, үміт те көп. 

Ал, күмән-күдігіміз қайсы? Жолдаудың көңілді күпті еткен тұсы мынау. Онда: «Қоғамда қазақ және орыс тілін мектепте оқыту мәселесі бойынша пікірталас болып жатыр. Нақты айтайын: біз қазақ тілін де, орыс тілін де жақсы білетін балаларды  тәрбиелеуіміз қажет.  Себебі, бұл ұрпақтың мүддесі үшін керек. Оқу-ағарту минис-трлігі популистердің жетегінде кетпей, балалардың мүддесін қорғауға тиіс. Білімді және бірнеше тілді меңгерген ұрпақ болашаққа сеніммен қадам басады. Біздің күшіміз – жастардың білімінде» делінген.  Міне, нақты осы сөздерді қазақ халқы қабылдай алмады. Өйткені, қазақ тілінің мүшкіл хәлі баршаға аян. Оған көз жұма қараудың өзі қиындап барады. «Қазақ тілі» деп шырылдағандарды «популист» дегенге қарсы жыпырлаған пікірлерді әлеуметтік желіден көріп отырмыз. Соның бірі, мәселен, Кәмшат Тасболат деген қарындасымыз желіге: «Астанадағы жаңадан салынған мектептердің орыс сыныптары балаға толған. Қазақ сыныптарындағы оқушы саны 15 баладан аспаса, орыс сыныптарында 40 балаға таяпты. Қайда барамыз? Жағдайды зерттеп жатқандар бар ма? Мемлекеттің міндеті мемлекеттік тілді қорғап, бүкіл халықтың басын біріктіретін бір тілде сөйлету емес пе?» деп жазыпты.  Сөз болып отырған Жолдаудың тақырыбы «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ». Демек, мемлекеттің әділеттілігі тіл саясатынан да көрінуге тиіс! Қазіргі күнгі қазақ тілі мен орыс тілінің жағдайы салыстыруға келе ме? Айырма жер мен көктей, әділеттілік ауылы мүлдем алыста. Өзіңіз де ойлаңыз, айыртілді мемлекетте біртұтас ұлт, берекелі қоғам орнығуы мүмкін бе? Халқымыздың қазақтілді және орыстілді делініп, бірін-бірі түсіне алмайтын екі жақ болып жүргенін несіне жасырамыз? Міне, менің мақала тақырыбында «күдік – жалғыз» дегендегі мақсатым – осы айтылған тіліміздің қолданыс аясы тарылып, тіпті жоғалып бара жатқан хәліне көпшілік назарын тағы бір аудару болып отыр.

Сонымен, қайталап айтайын, Жолдаудан күтер үміт көп, ал күдік біреу. Мемлекетіміз ұлттық, қоғамымыз берекелі, аспанымыз ашық болғай!

Асан  ОМАРОВ, зерттеуші



Вопрос ответ

все вопросы

Опрос

  • Читаете ли вы газеты?

Архив

Показать все за период:

Написать нам

Напишите нам

Прикрепить файл

Введите код

CAPTCHA