
Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері мұражайында биыл 3-ші рет сурет көрмесі өтті. Оның ішінде 85 дарынды жандардың 300-ге шақты еңбегі жарияланды. Портрет, натюрморт, тақырыптық композиция, арт обьект инсталяция сынды түрлі жанрларда бейнеленген суреттер арқылы Семей халқының өнерге деген құштарлығы жоғары екенін байқауға болады,- деді Невзоровтар отбасы атындағы мұражайдың директоры Татьяна Стромская. Дәстүрге айналған іс-шараға Семей қаласы әкімінің орынбасары Надежда Шарова да арнайы келіп қатысты.
Іс-шара барысында өнерпаздар қауымын «Eurasia Agro Holding» компаниясының бас директоры Балтабек Мұқашев дипломдармен және қаржылай сертификаттармен марапаттады. «Профи», «Студент», «Графика», «Көркемдік фотография» деген номинациялар бойынша әр суретші өзінің сюжеттерімен ерекшеленіп, туындыларын өнерсүйер қауымға жеткізе білді.
Сурет көрмесі семейліктерді тамсандырып қана қоймай, көркемөнер әлеміне жақындастырды. Аймақтың табиғаты мен тынысы жайлы ғана емес, суретшінің ішкі әлемі жайлы баяндайтын туындылар қала тұрғындарын тәнті етті. Талантты өнерпаздардың жұмыстарын тамашалаймын деушілерге Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері мұражайының есігі әрдайым ашық.
Айгерім Айтқазина